«Дене шынықтыру және спорт» мамандығына талапкерлерді қабылдауда инновациялық технологияларды қолдану
DOI:
https://doi.org/10.48114/2306-5540_2026_1_23Түйін сөздер:
инновациялық технологиялар, дене шынықтыру және спорт, талапкер, шығармашылық емтихан, норматив, цифрлық платформа.Аннотация
Бұл мақалада «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасына талапкерлерді қабылдауда автоматтандырылған зананауи технологияларды қолданудың қажеттілігі жан-жақты қарастырылады. Зерттеу барысында отандық және шетелдік ЖОО-да шығармашылық емтиханды қабылдау үдерісіне салыстырмалы түрде талдау жүргізіледі. Зерттеудің мақсаты - «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы бойынша шығармашылық емтиханды қабылдау нормативтерін жетілдіру. Зерттеу міндеттері: шет елдердегі шығармашылық емтихан қабылдау жүйесіне талдау жасау; Қазақстан Республикасындағы шығармашылық емтиханды қабылдау ережесіне талдау жүргізу; шығармашылық емтиханды автоматтандырудың және инновациялық технологиялардың тиімділік тұстарының артықшылығын ғылыми тұрғыдан негіздеу. Қазақстан Республикасының ЖОО-да «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы бойынша шығармашылық емтиханды қабылдаудың қолданыстағы ережелеріне жүргізілген талдау нәтижелері талапкердің жинаған баллын есепке алуда адами фактордың ықпалы басым екендігін, бұл мәселе талапкерлер мен ата-аналар тарапынан шағым-талаптардың көбеюіне себеп болатындығы анықталды. Зерттеу кезеңінде Қазақстан Республикасының оңтүстік аймағындағы Қызылорда, Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларындағы жоғары оқу орындарындағы «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы бойынша 2025-2026 оқу жылында 1-курсқа қабылданған 1478 білім алушыға сауалнама жүргізілді. Сауалнама негізінде студенттердің аталған мамандықты таңдаудағы басты мақсаты айқындалды. Сонымен қатар, Түркия Республикасының ЖОО-да шығармашылық емтиханды қабылдауға арналған заманауи автоматтандырылған жүйесі зерделенді. Зерттеу нәтижесінде шығармашылық емтихан қабылдау үдерісін автоматтандырып, заманауи технологияларды енгізудің артықшылық тұстары дәлелденді.